Тамақтанудан бұрын сүннет екенін ойлап қол жуудың он пайдасы бар:
Кімде-кім, тамақтану үшін қолдарын жуған кезде ылғалды саусақтарының ұшын көздерінің үстіне қойып, кері қарай сүртетін болса, ол адам, Аллаһу та’аланың қалауымен, көз ауруына шалдықпайды. Он пайда:
1) Арши рахман астында бір періште: «Қолыңды жуғаның сияқты, сенің (кіші) күнәларың жуылды» дейді.
2) Нәпіл намаз оқығандай сауап алады.
3) Кедейліктен сақ болады.
4) Сыддықтардың сауабына қауышады.
5) Періштелер ол үшін истиғфар етеді.
6) Әрбір үзім үшін бұларды садақа ретінде бергендей сауапқа ие болады.
7) Бисмиллаһ айтып жегенде күнәдан тазарады.
8) Тамақтанғаннан кейін жасаған дұғасы қабыл болады.
9) Сол түні қайтыс болса, шәһид мәртебесіне жетеді.
10) Күндіз қайтыс болса, шәһидтердің қатарынан жазылады.
Әуелі қолдарды жуу және құрғату үшін сүртпеу сүннет болып табылады.
Тамақтанғаннан кейін, сүннетті орындау ниетімен қол жуудың алты пайдасы бар:
1) Арши рахман астында бір періште: «Иа мүмин! Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” сенен разы болды» дейді.
2) Осы ниғметке тән сауапқа ие болады.
3) Денесіндегі қылдың санындай сауап болады.
4) Рахмет (мейірім) дариясынан нәсібі болады.
5) Қолынан тамған тамшылардың санындай сауапқа ие болады.
6) Қайтыс болса шәһид болады.
[Аллаһу та’аланың әмірлері екі түрлі болады: Әмри тәкуини және Әмри тәклифи немесе Әмри тәшри’и.
Әмри тәкуини –Жаратуды қалаған нәрселеріне «Бол» деуі. Бол деген кезде бірден бар болады. Ешкім бұл нәрсенің бар болуына кедергі бола алмайды. Барлық болмыстың жаратылуы үшін белгілі нәрселерді себеп қылған. Белгілі заттарды белгілі заттардың жаратылуына себеп қылғанындай, адамның материалдық және рухани күші, әр түрлі энергияларды да көптеген нәрселердің жаратылуына себепші. Бір құлына бір нәрсені ихсан етуді, жақсылық беруді қаласа, ол адамды сол нәрсенің себебіне қауыштырады. Себеп әсер еткен кезде Ол да қаласа, «Бол!» десе, бұл нәрсе бар болады. Ол қаламаса, еш нәрсе бар болмайды. Хикметін, жаратуын себептермен жапқан, жасырған. Көп адам тек себептерді ғана көруде, себептердің артындағы хикметті, Оның жаратуын түсінбеуде. Ал бұл түсінбеушілік оның пәлекетіне себеп болуда.
Әмри тәклифи – адамдарға орындауы немесе сақтануы үшін берген әмірлері. Бұл әмірлердің орындалуы адамның қалауына, тілеуіне байланысты. Адамның қалауы мен тілеуінде еркін қылған. Бірақ адамның қалаған нәрсесін жарататын да Ол. Адам қалаған кезде Ол да қаласа, жаратады. Қаламаса жаратпайды. Барлық нәрсені жаратқан, заттарға әр түрлі әсерлер, ерекшеліктер берген тек қана Ол. Одан басқа жаратушы жоқ. Одан басқасында тәңірлік сипат бар деп сену басқаны Оған серік, ортақ қылу болады. Басқаны Оған серік қылып қосқан адамды қияметте мүлдем кешірілмейтіндігі, оған мәңгі және өте ауыр азапталатыны білдірілген. Адам, Оның әмірін орындауды, жақсылық жасауды қалағанда, Ол да мейірім етіп қалайды және жаратады. Оған сенбегендер, қарсы шығушылар бір жамандық жасауды қалаған кездерінде Ол қалайды және жаратады. Оған сенгендер, жалбарынатындар, бір жамандық жасауды қалағанда, Ол мейірім етіп қаламайды және жаратпайды. Осы себептен, дұшпандарының әрбір қалауы орындалғандықтан, олардың құтыруы артады.
Аллаһу та’аланың әмри тәклифтері маңыздылығына қарай дәрежелерге бөлінген:
1) Барлық адамдарға иман келтіруді, мұсылман болуды әмір еткен.
2) Иман келтіргендерге харам істемеуді, жамандық жасамауды әмір еткен.
3) Иман келтіргендерге парыздарды орындауды әмір еткен.
4) Харамдардан сақтанатын және парыздарды орындайтын мұсылмандарға мәкрухтардан сақтануды, сүннеттерді, нәпіл ғибадаттарды орындауды әмір еткен.
Жоғарыдағы реті бойынша алдыңғы әмірді орындамай, одан кейінгісін істеу дұрыс емес, қабыл болмайды. Мұның пайдасы болмайды. Мәселен, иманы болмаған адамның жамандықтан сақтануын; жамандықтардан, харамдардан сақтанбайтындардың парыздарды орындауын; парыздарды орындамайтын адамның сүннеттерді, нәпіл ғибадаттарды орындауын Аллаһу та’ала ұнатпайды, қабыл етпейді. Осы себептен, намаз оқымайтын, зекет бермейтін және ата-ананың, әйелінің және бала-шағасының ақыларын өтемейтін мұсылманның садақаларын, жақсылық пен қайырымдылықтарын, мешіт салдыруын, ақшалай жәрдемдерін, тамақтанудан бұрын және кейін қолдарын жууын және умраға баруын ұнатпайды, қабыл етпейді. Көрініп тұрғанындай, әрбір адамның діннің бұйрықтарын жоғарыдағы ретімен орындауы қажет. Сонымен қатар, алдыңғы реттегіні орындамаған адам төмендегілерін істесе және мұны істеуі егер бір парызды тәрк етуіне, харам істеуіне себепші болмаса, сауап ала алмаса да, мұны орындауды да қолдан жіберіп алмау керек. Мұны үнемі орындап жүрудің берекетімен Аллаһу та’ала мейірім етіп, алдыңғы әмірлерді де орындау нәсіп болатындығы үміт етілетіндігі «Рухул баян»тәпсірінде, алтыншы томның соңында жазылған.]
Тамақтанудың төрт парызы:
1) Жеген кезде тоюдың және ішкен кезде қанудың Аллаһу та’аладан екенін білу.
2) Халалдан жеу.
3) Сол тағамнан пайда болған қуат біткенге дейін Аллаһу та’алаға құлшылық жасау.
4) Қолдағысына қанағат ету.
Тамақтануды бастағанда Аллаһу та’алаға ғибадат ету, Аллаһу та’аланың құлдарына пайдалы істер жасау, Аллаһу та’аланың дінін, мәңгілік бақыт және тыныштық жолын барлық адамдарға жаю үшін қуат жинауға деп ниет ету керек. Бас ашық күйде тамақ жеу жаиз болады.
Тамақтанудың мүстаһабтары:
Дастарханды жерге жаю, дастархан басына таза киіммен отыру, тізерлеп отырып жеу, тамақтанудан бұрын қол мен ауызды жуған болу, бастарда Бисмиллаһ айту, әуелі тұздан дәм тату, арпа нанын жеу, нанды қолмен үзу, нанның ұсағын зая етпеу, өз алдынан жеу, сірке суын қолдану, аз-аздан, кішкентай үзімдерден алып жеу, тамақты жақсылап шайнау, үш саусақпен жеу, ыдысты саусақпен сүрту, саусақтарды үш рет жалау, тамақтанғаннан кейін шүкір етіп, тіс тазалағыш қолдану.
Тамақтанудың мәкрухтары:
Сол қолмен жеу, жейтін тағамды иіскеу, Бисмиллаһті тәрк ету. [Тамақтанып жатқанда болса да, еске түскен кезде Бисмиллаһ айту керек.]
Тамақтанудың харамы:
Тойған болса да, тамақтануды жалғастыру [үйде қонақ бар болса, оның тамақтануына бөгет болмау үшін жеп жатқандай болу керек], тамақтануда ысырап жасау, кейбір ғалымдар бойынша, басқа біреудің мүлкін [ақысын жеу жолымен] жегенде Бисмиллаһ айту, шақырылмаған жерге қонаққа бару, өзгенің мүлкін рұқсатсыз жеу, денесіне ауру беретін нәрсені жеу, риямен әзірленген тағамды жеу, өзі нәзір еткен нәрсесін жеу.
Ыстық тағамдар жеудің мынадай зияндары бар:
Құлақтың керең болуына себеп болады. Жүзі сарғаяды. Көзінің нұры болмайды. Тістер сарғаяды. Аузында ләззаты болмайды. Қарын тоймайды. Түсіну, есте сақтау қабілеттері азаяды. Ақылы аз болады. Денесінде ауру пайда болады.
Тамақты аз жеудің пайдалары:
Денесі мықты болады. Жүрегі нұрлы болады. Есте сақтау қабілеті мықты болады. Өмір сүруі оңай болады. Істерінде ләззат табады. Аллаһу та’аланы өте көп зікір еткен болады. Ахиретті тәфәккур етеді. Ғибадатының ләззаты көбірек болады. Барлық нәрседе шешімдері дұрыс пен түсінігі кемел болады. Есебі оңай болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024