Сұрақ: Дінімізде өлінің артынан аза тұтудың, азалы болудың (траурдың) белгілі бір өлшемі бар ма?
Жауап: Ислам діні адамдарды жамандау және адамға жыл сайын белгілі күндерде аза тұту діні емес. Ондай аза тұтудың жаиз екенін көрсететін ешбір аят пен хадис жоқ. Керісінше тыйым салынған. Оныншы мухаррам күні шииттерге ұқсап хазреті Хусейн шәһид болған екен деп өз-өзін ұрып-соғып денесінен қан ағызу, өзіне не өзгелерге зорлық-зомбылық жасау харам болып табылады. Қайғылы оқиғаларға жыл сайын аза тұтудың Ислам дініне ешқандай қатысы жоқ. Дінімізде ондай аза тұту, азалы жүру күнә болғандықтан, қайтыс болған немесе шәһид болған Ислам ғұламаларының ешбірінің артынан аза тұту жаиз болмайды.
"Өлген адам үшін дыбыссыз жылау жаиз. Өйткені «Мүминнің өлімінде аспан жылайды» делінген." (Шәрһ-ус-судур)
"Қайтыс болған адам үшін дауыс шығарып, айқайлап жылау, аза тұту, қара киім кию, қара түсті перделер және белгілер ілу, азалы екенін білдіретін ишаралар тағу, суретін алып жүру жаиз емес." (С.Әбәдийа)
"Мәйітті және мәйіт шыққан жерді қара түсті нәрселермен орау, қара түсті киімдер кию жаиз емес." (Хазанат-ур-риуаят)
Қайтыс болған адамның артынан тұыстарының 6 ай немесе бір жыл тойға бармай, көшеге шықпай, шашын өрмей немесе қара киімін тастамай жүрулері Исламнан бұрыңғы дәуірлердегі пұтқа табынатын арап тайпаларының әдеті еді. Оны бір мұсылман істейтін болса, өзі де үлкен күнә істеген болады, қайтыс болған тұйысын да қинаған болады. Егер тауба етпейтін болса, Құдай сақтасын, мұсылмандықтан шығып, кәпір болады.
Әбу Сәләмәның қызы хазреті Зейнеп айтып берген:
Расулуллаһтың жұбайы Умму Хабиба анамыздың әкесі қайтыс болғанда, көңіл айтуға барғанымда былай деді: «Расулуллаһтың "Аллаһқа және ахирет күніне сенген әйелдің қайтыс болған жақыны үшін үш күннен астам азалы болуы халал емес" дегенін естідім.» Жаһш қызы Зейнептің бауыры шәһид болғанда, ол да дәл осылай айтты. (Бұхари)
"Дініміз ниғметтерге шүкір етуді, ал қиыншылықтарға сабыр етуді және шағымданбауды әмір етуде. Бала туылғанда ақиқа малы сойылатынын білдірген. Қайтыс болғанда мал союды немесе басқа бір нәрсе істеуді әмір етпеген. Айқайлап жылауға, азалы болуға тыйым салған." (Әс-Сират-уш-Шамийа)
Дініміз бойынша, әрі қуаныш, әрі қайғы орын алған күндер жыл сайын айналып келгенде, бұл күндерде қайғырмай қуану, сол күнгі қуанышты сәттерді еске алып, қайғылы сәттерді ойламау керек. Себебі дінімізде аза тұту деген нәрсе жоқ. Бүкіл хадис кітаптары пайғамбарымыздың өлінің артынан айқайлап жылаудың өлген адамға азап беретінін айтқаны жазылған. Бұл хадис шәрифтерден кейбірлері мыналар:
«Өлген адамды мақтап жылау Исламдан бұрыңғы имансыздардың әдеті.» (Бұхари)
«Мәйіт, өз жақындарының артынан айқайлап жылауынан азап шегеді.» (Мүслим)
«Аза тұтқан адам өлуден бұрын тәубе етпейтін болса, қияметте ауыр азап шегеді.» (Мүслим)
«Өлген адамға аза тұту адамды күпірлікке жетелейді.» (Мүслим)
«Қайтыс болған адамның артынан айқайлап жылағанға да, оны тыңдағанға да лағнет болсын.» (Әбу Дауд)
«Қайғырғанда киімін жыртатын, айқайлап ойбайлайтын адам бізден емес.» (Бұхари)
«Қайтыс болған адам үшін зар еңіреп жылаған әйелге Аллаһтың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті болсын.» (Табарани)
«Ниғметке бөленгенде дағыра шалу, қиыншылыққа тап болған кездері айқайлап қайғыру жаиз болмайды.» (Бәззар)
«Рахмет періштелері өлінің артынан айқайлап жылаған адамдарға дұға етпейді.» (И.Ахмед)
«Пәлекетке ұшырағанда шаштарын жұлатын, киімін жыртатын, айқайлап жылайтын адам бізден емес.» (Нәсаи)
Аза тұту, айқайлап қайғыру, ең алғаш Мухтар Сәқафи тарапынан шыға бастады. Бұл бидғат уақыт өте ғибадаттай жайыла бастады. Алайда Мухтар Сәқафи мұны Куфа халқын алдап, оларды Омаядтарға қарсы соғысқа шығару, осылайша үкіметті қолға алу үшін айла ретінде жасаған.
Пайғамбарлардан хазреті Зәкәрия мен хазреті Яхияны қауымы пышақтап шәһид еткен еді. Алғашқы Ислам шәһиді хазреті Ясер және жұбайы Сүмәййа ханым еді. Расулуллаһ алейһиссаламның сүйікті көкесі хазреті Хамза да қайғылы түрде шәһид болған. Пайғамбарымыз шәһид болған пайғамбарлардың, хазреті Ясер мен жұбайының, хазреті Хамзаның шәһид етілген күндерінде және сол күндердің жылы өткенде мүлдем аза тұтпады. Азалы болуға тыйым салды.
Аза тұтуға тыйым салынбағанда еді, бәрінен бұрын яһуди әйелдің Хайбарда ұсынған улы тамағының жылдар өткеннен кейін әсері тиіп шәһид болған пайғамбарымыздың қайтыс болған күнінде аза тұтылатын еді. Хазреті Хамза секілді, хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Әли де шәһид болған, хазреті Хасан да у беріліп шәһид етілген еді.
Миллиондаған мұсылмандардың мазһаб имамы болған Имам Ағзам хазреттері де шәһид етілді. Мұсылмандар ғасырлардан бері Расулуллаһ алейһиссаламның әміріне мойынсұнып, осы ұлы тұлғалардың ешбірінің артынан аза тұтпады. Аза тұтпау, бұл ұлы тұлғаларды жақсы көрмеу деген мағынаға келмейді. Әкесі хазреті Әли сияқты, хазреті Хусейн сияқты үлкен имамның шәһид етілуі де бүкіл мұсылмандар үшін үлкен қайғы. Бірақ оларға арнап аза тұту, қайтқан күндерін жыл сайын атап өту кезінде өз-өзін ұру түбегейлі жаиз емес.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024