Сұрақ: «Аш болған адамның басы істемейді. Ораза ұстама» дейтіндер бар. Емтиханға кіретін күні ораза ұстамау күнә болады ма?
Жауап: Әрине күнә болады. Ораза тұтпауға рұқсат берілген үзірлер кітаптарда білдірілген. Зәру бір жағдайға тап болмай ораза ұстамау харам болып табылады.
«Аш адамның басы істемейді» сөзі ғылымға қатысты сөз емес. Не надандықтан айтылды, не ораза ұстауға бөгет болу үшін әдейі айтылды. Рамазанның тысында да емтиханға тоқ болып кірмеу керек. Асқазан толы болса, тойып тұрған адамның басы толығымен жұмыс істемейді. Аш адамның зейіні өткір, түсіну қабілеті күшті болады. Ораза ұстаған адамға Аллаһу та’аланың ихсаны, сыйы мол. Сәһл бин Абдуллаһ әт-Тустәри хазреттері «Ақылды адамдар дін жұмыстарында да, дүниелік жұмыстарда да, аштықтан пайдасы көбірек тиетін әлі ештеңе көрмеген. Хикмет пен ілім аштықта, ал күнә мен надандық тоқтықта» деген.
Шәйх Алийул Хаууас хазреттері «Түнгі ғибадатқа аштықпен дайындалу керек. Тоқ болған адамның рухани пайдалануы аз болады» деген. (Ухуд-ул Кубра)
Хадис шәрифте «Жақсылықтардың басы – аштық, жамандықтардың басы – тоқтық» делінген. Тоқтық адамды ұмытшақ, жүректі соқыр қылады. (С.Әбәдийа)
Тоқтық, алкогольді ішкіліктер сияқты, қанды бұзады. Аштық ақылды тазалайды, жүректі нұрландырады. Тағы хадис шәрифте «Аштық зейінді, түсіну қабілетін, зеректікті ашады» делінген. (И.Ғазали)
Аштық жүйке жүйесін ояу, сергек ұстайды. Шамадан тыс тоқтық ақымақтыққа жол ашады. Көп жейтіндердің оқығанын жаттауы және есте сақтауы қиын болады. Емтихан үшін миды істететін, зейінді ашатын, ұғыну қабілетін арттыратын оразаны ұстамау ақымақтық болып саналады.
Әбу Сүлейман Дарани хазреттері былай деген:
Аш жүруге тырысыңдар, өйткені аштық нәпісті басады және жүректі (көңілді) нәзіктетеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Жүректеріңді аз күлу және аз тамақ жеумен тірілтіңдер, аштықпен тазалаңдар. Осының арқасында жүректерің тазаланады және нәзіктенеді» деген.
Хазреті Лұқман Хаким баласына «Ей ұлым! Асқазанды тамаққа толтырған кезіңде ақыл бәсеңдейді, хикмет тілсізденеді» деп насихат еткен.
Баязид Бистами хазреттері де «Аштық – бұлт. Пенде қай кезде аш қалса, жүрек хикмет жаңбырын жаудырады» деген. Екі хадис шәриф:
«Аштық – хикметтің нұры, ал тоқтық – Аллаһтан алыстау болып табылады. Сақ болыңдар, қатты тойып жемеңдер, жүректеріңдегі хикметтің нұры сөнбесін!» (Дәйләми)
«Аллаһу та’аланың халық арасындағы әулиесі – аштық пен шөл иелері.» (Ибн Нәжжар)
Әбу Сүлейман Дарани хазреттері «Ғибадаттың ең тәтті (жағымды) сезілген кезі – қарнымның беліме жабысқан кезі» деген. Жүнәйд Бағдади хазреттері де «Бір адам жүрегі мен кеудесі арасына бір тамақ дорбасын асатын болса, ғибадаттың ләззатын сезіне алмайды. Адамның жүрегі аш және шөлдеп тұрған кезінде тазаланады және нәзіктенеді. Тойған кезде соқыр және қатты болады» деген. Осы себептен дүниелік пен қазыналар ұсынылған кезде пайғамбарымыз «Жоқ, қаламаймын. Бір күн аш, бір күн тоқ болып жүруді қалаймын» деген. (Тирмизи)
Асқазан тек өмір сүруге керекті орган ретінде қолданылмай, зауықтану органы ретінде қолданылатын болса тозақтың есігі болады. Мұның негізі тоқтық. Ал нәпісті әлсіретіп, шәһуетті басу жәннат есігі болып табылады. Мұның негізі аштық. Тозақ есігін жапқан адам жәннат есігін ашты деген сөз, өйткені бұл екеуі тура батыс пен шығыс сияқты бір-біріне қарама-қайшы. Біріне жақындаған адам екіншісінен ұзақтаған болады.
Қазыналар қолында тұрғанда неліктен аш жүргендігін Юсуф алейһиссаламнан сұраған кезде «Тоқ болған кезімде аштарды ұмытудан қорқамын» деді. Аталарымыз да «Тоқ бала аш баламен ойнамайды», «Тоқ аштың жағдайын түсіне алмайды» деген.
Аштықтың тағы бір пайдасы, адамның шәһуетін басуы, жамандықты бұйырып тұратын нәпіске ие болуы. Өйткені бүкіл күнәлардың қайнары – шәһует пен қуат. Ал бұл екеуі көп тамақ жеуден туындайды.
Зүннун Мысри хазреттері «Тоқ болған кездерімде не қарсы шықтым, не қарсы шығуға тырыстым» деген.
Айша анамыз да «Алғашқы бидғат – тамақты тойып жеу» деген.
«Аштық – Аллаһтың қазынасы» делінеді. Аштықтың арқасында ең аз дегенде сөйлеу және шәһуеттер (құмарлықтар) басылады, себебі, аш адамның көп сөйлеу шәһуеті қозбайды. Осылайша тіл ғайбат, жаман сөз сөйлеу, жалған сөйлеу, өсек сияқты апаттардан құтылады. Жеті ағзаның бүкіл күнәларының себебі тоқтықтан пайда болған қуат. Аштық оны осы апаттардың бәрінен қорғайды.
Тоқ адам көп су ішеді. Ал көп су ішкен адам көп ұйықтайды. Көп ұйықтаған адамның өмірі зая болады, тәһәжжуд намазын өткізіп алады, ақымақ бола бастайды және жүрегі қатаяды.
Харун Рашид төрт дәрігерге «Денсаулығымды қорғайтын және жанама әсері болмайтын бір дәрі айтыңдар» дейді. Үнді дәрігер «Қара ихлеч дәрісі» дейді. Ирактық дәрігер «Ақ Рашшат дәні» дейді. Римдық дәрігер «Ыстық су» дейді. Ауылдық дәрігер «Ихлеч асқазанды бүрістіреді, ақ рашшат дәні асқазанды жылжытады, ыстық су да асқазанды кеңейтеді. Қарын ашпай тұрып дастархан басына отырмау, тамаққа отырғанда тоймастан тұрып кету – ең дұрысы» дейді. Басқа дәрігерлер де мұны растайды.
«Көп тамақ жеу аурулардың басы, аз жеу (яғни емдәм ұстау) дәрілердің басы. Асқазанның үште бірін тамаққа, үште бірін сусындарға ажырату керек. Үште бірін ауаның үлесі, яғни бос болуы ең төменгі дәреже» мағынасындағы хадис шәрифті естіген мұсылман емес дәрігер «Тамақтану жайында бұл сөзден жақсырағын әлі естімедім. Бұл сөздерді тек хикметке ие болған адам ғана айта алады» деген.
«Ораза ұстап денсаулыққа қауышыңдар» хадис шәрифінің де аңғартып тұрғаны, дене ораза, аштық және аз жеумен аурулардан құтылып, денсаулыққа жетеді.
Көп жеген адам көп ұйықтайды, ал көп ұйықтаған адамның өмірі босқа өткен болады. Көп тамақ жейтін адам мас сияқты болады, зейіні қажиды. Аштық жүректе нәзіктік тудырады. Хадис шәрифте «Аз жеген адамның іші нұрға толады және Аллаһу та’ала аз ішіп-жейтін, денесі жеңіл болған мүминді жақсы көреді» делінген. (Дәйләми)
Аштықта қалаулар бұзылады, нәпсіміз жуас бола бастайды, қырсықтығы қайтады. Көп тамақ жеу ғафлетті тудырады. Асау атты ұстау қиын болғанындай, көп жегізумен азғырған нәпісті ұстау да қиын. Құтырған нәпісті аштық арқылы тәрбиелеу оңайласады. Хадис шәрифте «Күніне бір рет тамақ жеу орынды болады» делінген. (Бәйһақи)
Аурулардың көбі көп тамақ жеуден туындайды. Хадис шәрифте «Көп ішіп-жеу аурулардың басы» делінген. (Дара Қутни)
Осы мәліметтердің барлығы емтиханға кірерде ораза ұстамаудың діни тұрғыдан да, ақыл тұрғысынан да қате екендігін көрсетіп тұр.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024