Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Жақсы көрудің белгісі – бағыну. Жақсы көрудің дәрежесі бағынудың жылдамдығымен өлшенеді. Үлкен ғалымдардың ешбір сөзін екі рет айтқызбау керек, себебі екінші рет айтуы қауіп, ал үшіншісі пәлекет болып табылады. Бірнеше мысал келтірейік:
Шахи Нақшибәнд хазреттері бір күні шәкірттерімен тамақтанып отырған кезінде, бір шәкіртінің ұзақта тұрғанын, дастарханға отырмағанын байқайды. Шақырып, себебін сұрайды. Шәкірт «Ораза ұстаған едім, ұстазым» дейді. Шахи Нақшибәнд хазреттері «Кел отыр, нәпіл оразаңды бұз да, арамызға қосыл» деп шақырады. Шәкірт қайтадан «Болмайды ұстазым» деген кезде, тағы бір рет «Кел, бөлек қалма, Рамазан айында ұсталған бір парыз ораза сауабын аласың» дейді, бірақ сонда да қабылдамайды. Бұған орай, Шахи Нақшибәнд хазреттері «Бұдан ұзақ жүріңдер, бір күн келіп, бұл адам Аллаһу та’алаға да қарсы шығады» дейді.
Мәулана Халид Бағдади хазреттерінің бір шәкірті ауылына қатты барғысы келеді. Ұстазынан сұранған кезде «Жоқ, барма» деген жауап алады. Одан кейін қайтадан сұранады, қайтадан «Жоқ» деген жауап алады. Кету үшін тағы бір рет сұранғанында Мәулана хазреттері болмай кеткенін көріп, «Барсаң бар, бірақ туыстарыңнан мүлдем сыйлық алма, абай бол» дейді. Шәкірт кетеді, бірақ соңғы күні шыдай алмай сыйлықтардың бірін алады да, медресеге оралады. Бірақ келіп қараса, көңілінде ұстазының файзы да, достарына деген сүйіспеншілік те жоғалып кетеді. Бәрі оған басқаша қарай бастайды және бүкіл қолжеткізген рұхани дәрежелерінен айрылады.
Шәмси Тәбризи хазреттері жаяу Дамасктан Кония қаласына қарай жолға шығады. Жолда аш және сусыз қалады. Түн болады, жататын жер де таба алмайды. «Не істеймін» деп ойланып тұрғанында, мешітте түнеп шығу ойына келеді. «Құптаннан кейін дұғаны біраз ұзатамын, бәрі үйіне қайтқан кезде жатып ұйықтаймын» деп ойлайды. Намаз бітеді, бәрі қайтады, муәззин екеуі ғана қалады. Шәмс хазреттері ғибадатты ұзатады. Күтуге жалыққан муәззин біраз таза ауа жұту үшін сыртқа шығып кетеді, осы кезде ол дуалдың түбіне жатып ұйықтайды. Ғибадатын бітірген шығар деген оймен муәззин ішке кірген кезде, оның бір шетте ұйықтап жатқанын көреді. Дереу жанына барып айқайға сала бастайды. Болмағаннан тепкілеуге кіріседі. Шәмс хазреттері қанша жалынса да, рұқсат бермейді, жағасынан ұстап сыртқа шығарып жібереді.
Шәмс хазреттері бес-он қадам аттағаннан кейін артта бір қатты дауыс естиді. Муәззиннің, біреу қылқындырып жатқандай тамағын ұстап, тұншығып жатқанын көреді. Осы сәтте имам келеді, муәззин оған соңғы күшімен Шәмс хазреттерін көрсетеді. Имам бұл жағдайды түсініп, Шәмс хазреттеріне жетіп алады да «Мырза, кешіріңіз, досым қателік жіберді, кешірім сұрап жатыр, өтінемін кешіріңізші, бұл жағдайынан құтылсын. Қараңыз, өлейін деп жатыр» деп жалына бастайды. Бұған Шәмс хазреттері «Бұл тірлік менің қолымнан кетті, бұл адам үлкен әулиелерді ренжітті, мен ештеңе істей алмаймын. Мен тек оның иманмен жан тапсыруына ғана дұға ете аламын» – дейді. Қисайып жатқан муәззин, біраздан соң кәлимаи шәһәдатты айтып қайтыс болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024