Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Ең бақытты, ең рахат мұсылман – өзін есепке тарта алатын адам, басқаларды емес. Өкінішке орай, тек басқаларға ғана қарағанымыз үшін, өзімізді көре алмаймыз. Алайда бізге өзімізді көре алуымыз үшін айна берілген. Міне осы айнаға қарап, өзімізге қарауымыз керек. Бұл айна – Имам Раббани хазреттері сияқты үлкен әулиелеріміздің еңбектері. Сол айнаға қарап, өзін көргендер, өзін танығандар құтылады. Юсуф алейһиссалам жәннаттың сұлулығы берілген адамдардың ең әдемісі еді. Ең сүйікті досы оған қонақ болып келеді. Юсуф алейһиссалам одан:
– Ешқандай сыйлығың жоқ па? – деп сұрайды.
– Әрине бар, сізге лайықты сыйлықты ұзақ іздедім, ақыр соңында таптым.
– Ол қандай сыйлық?
– Ол айна.
– Бұл айна не үшін керек?
– Сіздің сұлулығыңызды біз көреміз, білеміз, бірақ сіз өзіңіз білмейсіз. Біз сұлулығыңыздан шаттанамыз, сіз шаттана алмайсыз...
Құрметтілеріміздің біз әкелген сыйлықтарға қажеттілігі жоқ, бірақ сыйлық сүйіспеншілікті арттырады. Ұмытпайық, пайғамбарымыз алейһиссалам да бізден сыйлық күтеді. Аллаһу та’ала да бізден сыйлық күтеді. Оларға немқұрайдылық танытудан сақ болайық. Біз Расулуллаһқа қанша салауат айтатын болсақ, жіберген сыйлығымыз үшін Ол да сол дәрежеде бізден разы болады. Бес уақыт намазды оқысақ, Аллаһу та’ала да бізден разы болады. Аллаһу та’аланың құлдарынан күткені – бес уақыт намаз. Намазын оқымаған адам Хақ та’алаға сыйлық бермеген болады деген сөз. Тыныс алып жатқан болсақ, намаз оқуға да мәжбүрміз. Егер тыныс алып жатпаған болсақ, демек намаз оқу міндеті де мойнымыздан алынды деген сөз.
Бір адам бір имамға келеді, «намазды оқымауыма рұқсат ретінде маған бір фәтуа берсеңіз, сізге жүз алтын беремін» дейді. Имам «Жарайды, саған бір емес, бес фәтуа берейін» дейді. «Бұлардың қайбірін жасай алсаң, намаз оқу міндеті мойныңнан алынады: 1) Хайуан болсаң, 2) Жынды болсаң, 3) Сәби болсаң, 4) Аллаһ сақтасын, мүртәд (кәпір) болсаң, 5) Өлсең, намаз міндеті сенің мойныңнан алынады. Бұлардың ешбіріне намаз парыз емес» деп ретімен айтқан кезде, әлгі адам «Ұстаз, бұлар маған жарамайды» дейді де, намазын оқуға кетеді.
Ұзын сөздің қысқасы, мүмин, мүмин болып өмір сүрген уақыты бойы намазын оқуы керек. Имам Жафәр Садық хазреттері өлім жағдайында жатқан кезде орнынан тұрып: «Бәрің дереу мұнда жиналыңдар, соңғы сөзімді айтамын» дейді. Бәрі жиналғаннан соң «Намазды тастап кетуден сақ болыңдар. Менің шәкіртім болса да, туысқаным болса да, сәйид болса да, намазын оқымаған адамға жаза бар» дегеннен кейін, кәлимаи шәһадат айтып қайтыс болады.
Кемшілікпен оқылса да, намаз иншаллаһ қабыл болады. Біз ең болмағанда Аллаһқа бұрылайық. Оның жолында болайық. Намазды барлық жағдай мен шарттарда оқуға тырысайық. Намаз оқу – ең негізгісі. Қабыл болды ма, болмады ма деп Аллаһу та’аламен саудаласатын жағдайда емеспіз. Құлдың міндеті – әмір етілгенді орындау. Қабыл ету немесе қабыл етпеу – Аллаһу та’ала білетін іс.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024