«Нимет-и Ислам» атты кiтапта былай делінген: Нәпiл намаздарын тұрып оқуға күшi жете тұрып отырып оқу әр жерде және әрқашан да жаиз. Отырып оқығанда руку жасау үшiн денесiмен сәл еңкейедi. Ал сәжде үшiн маңдайын жерге тигiзедi. Бiрақ ешбiр үзірі болмастан нәпіл намазын отырып оқыған кiсiге тұрып оқыған кiсiнiң сауабының жартысы берiледi. Бес уақыт намаздың сүннеттерi және тарауих намаздары да нәпiл намазы болып есептеледi. Жол жүрiп бара жатып, яғни қала, ауыл сыртында нәпiл намаздарын жануар үстiнде оқу жаиз. Құбылаға қарау, руку және сәжде жасау шарт емес. Ишаратпен оқылады. Руку үшiн бiраз иiлiп, ал сәжде үшiн одан төменiрек еңкейеді. Жануардың үстiнде нәжістің болуы намазға кедергi болмайды. Жерде тұрып нәпiл намазын оқып шаршаған адам асаға, адамға, дуалға сүйенiп оқи алады. Өзі жүрiп бара жатып намаз оқу сахих емес. Парыз және уәжiп намаздарын ешбiр машақат болмағанша жануардың үстiнде оқуға болмайды. Тек үзірмен ғана оқуға болады. Үзір бола алатын себептер: мүлкіне, өміріне, жануарына (көлігіне) қауiп төну, көлігінен (жануарынан) түскенде көлігіндегі немесе қасындағы дүниесінің тоналу қаупі, жыртқыш хайуан, дұшпан қаупі, жердiң лай, балшық болуы, қатты жаңбыр, ауру кiсiнiң түсіп-міну кезінде ауруының асқынуы немесе жазылу уақытының ұзаруы, көлігінен түскенде жолдастары күтпейтін болып қатерде қалуы және көлігіне біреудің жәрдемінсіз өзі міне алмайтын болуы. Осы аталған үзірмен жануар үстінде намаз оқитын кісі мүмкін болғанша жануарын құбылаға қаратып тоқтатып оқиды. Мүмкін болмаса кетіп бара жатқан бағытына қарай оқиды. Жануардың, түйенің үстіндегі махмил деп аталатын жүк сандығының ішінде, үстінде оқитын кісі де жоғарыдағыдай әрекет етеді. Жануарды тоқтатып әлгі жүк сандығының бір шетіне тірегіш қойылатын болса, стол, кереует сияқты жерде оқылғандай болады. Яғни жерде оқып жатқандай орнынан тұрып құбылаға қарап оқылады. Жерге түсе алатын болса, парыздарды жүк сандықтарының үстінде оқу да дұрыс болмайды.
Кемеде намаз оқу хазреті Жафар Таяр Хабашстанға (Эфиопия) кетiп бара жатқанында хазреті Пайғамбар алейһиссалам оған үйреткендей оқылады: Қозғалып кетiп бара жатқан кемеде үзірі болмаса да парыз және уәжiп намаздары оқылады. Кемеде жамағатпен оқу да мүмкін. Қозғалып кетіп бара жатқан кемеде ишаратпен намаз оқуға рұқсат етiлмей, руку әрi сәжденi толық жасау, құбылаға қарау тиiс. Намазды құбылаға қарап бастайды, ал егер кеме құбыладан басқа бағытқа бұрылатын болса намазда тұрып құбылаға қарай бұрылады. Имам Ағзам Абу Ханифаның үкімі бойынша, жүзiп бара жатқан кемеде парыз намаздарды да үзірсіз отырып оқуғарұқсат бар.
Теңiз ортасында тоқтап тұрған кеме, қатты толқып қозғалып тұрса оның үкiмi жүзiп бара жатқан кеме сияқты болады. Ал егерде толқу аз болса жағажайда (портта) тұрған кеме үкiмiне кiредi.
Ал жағажайда тұрған кемеде парыз намаздары отырып оқылмайды. Егер жағаға түсуге мүмкіндік бар болса кемеден жағаға шығып оқуы керек. Мал-мүлкіне, өміріне қауіп төнсе және кеменің кетіп қалу қаупі болса кемеде тұрып оқуы жаиз болады.
Ислам ғалымдарынан Ибн Абидиннің кітабында: «Екi дөңгелектi болып, хайуанға жегiлмесе түзу тұра алмайтын арбада тоқтап тұрғанда да, қозғалып бара жатқанында да намаз оқу жануар үстiнде оқығандай оқылады. Ал төрт дөңгелектi арба тоқтағанда стол үкімінде болады. Жүріп бара жатқанында, жануар үстінде оқуға рұқсат беретін жоғарыда жазылған үзірлі себептермен ғана парыз намаз оқыла алады. Бұл кезде арба құбылаға қарап тоқтатылған болуы шарт. Тоқтата алмаса жүзіп бара жатқан кемедегідей етіп оқиды.» – делінген. Жүрiп бара жатқан көлікте құбылаға қарай алмаған кiсi Шафии мазһабын тақлид етумен екi намазды жәм етіп оқиды. Мұны iстеуге де мүмкiндiгi болмаса, құбылаға қарау міндеті жойылады, яғни қарай алатын жағына қарап оқиды. Орындықта, креслода отырып ишаратпен намаз оқу ешкiмге еш уақытта жаиз емес. Автобуста, ұшақта намаз арба үстінде намаз оқыған сияқты оқылады. Сапарға шығатын кезде, қаланың немесе ауылдың шетінен бастап үш күндік, яғни он сегіз фәрсах (бес километрлік ұзындық өлшемі) – елу төрт миль [54х0,48х4=104 км] ұзаққа баруға ниет еткен адам, қаланың шетінен ұзақтағаннан, сафари (жолаушы) болады. Ибн Абидин бір мил 4000 зра’, ал бір зра’ 24 елі деді. [Бір елі – екі сантиметр. Шафии мен Малики мазһабында 16 фәрсах = 48 миль = 48 х 0,42 х 4000 = 80км болады.]
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024