Қонақтың міндеттері

Сұрақ: Қонақ, үй иесінің алдында өзін қалай ұстау керек?

Жауап: Қонақтың мән беруі керек болған әдептердің кейбірлері мыналар:

1) Шақырылған жерге кешігіп те, ерте де бармау керек. Барарда біраз тамақтанып бару сүннет болып табылады. Тек тамақ жеу үшін ғана емес, үй иесін разы қылу үшін барғаны белгілі болу керек!

2) Қонақтың жан-жағына қарамауы керек, үй иесін ыңғайсыз жағдайға түсірмеу керек. Үй иесінің рұқсатынсыз басқа қонаққа тағам ұсынып, сияпат көрсетпеу керек! Үй иесі көрсеткен жерге отыру керек, рұқсатсыз нәпіл ораза ұстамау керек және намазда үй иесі ұсынбаса имамдыққа өтпеу керек! Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қонақ үйдің төрінде отырмасын!» (Мүслим)

«Қонақ үй иесінің рұқсатынсыз (нәпіл) ораза ұстамасын және көрсетілген жерге отырсын! Өйткені үйдің иесі өз үйінің әдетін жақсырақ біледі.» (Ибн Асакир)

«Қонақ болған адам намазда үй иесіне имам болмасын!» (Тирмизи)

3) Дастархан басында әдепті болып отыру керек және бұл әдепті соңына дейін сақтауға тырысу керек. Расулуллаһ алейһиссалам жерге төселген дастархан басында кейде тізерлеп отыратын, кейде оң аяғын бүгіп сол аяғының үстіне отырып:

«Мен тамақтанған кезде жантаймаймын! Мен Аллаһтың құлымын, құл қалай отыратын болса, солай жеймін, солай отырамын.» – дейтін еді. (Бұхари)

Тамақ жеп жатқанда жантаю күнә емес. Басқалардың алдында ешбір себепсіз жантайып жату әдепке сай емес.

4) Әкелінген тамақтың кемшілігін іздемеу керек. Кемшілігі болса да айтпау керек. Мысалы тамақтың тұзы көп немесе аз болса, яки тамақ ұнамаса, ештеңе демеу керек, ұнатпағанын білдірмеу керек! Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қонақтың әкелінген тамақты ұнатпауы оған жамандық ретінде жеткілікті.» (Ибн Әбиддүнийа)

5) Қонақтың өзі қалаған нәрселерді сұрамауы керек, әкелінгендермен қанағаттануы керек. «Анау бар ма? Мынау бар ма?» деп, белгілі тағам сұрамауы керек! Егер үй иесі бірнеше тағам түрін атап өтіп, «Қайбірін әзірлейін?» деп сұраса, әурегершіліктен ұзақ, қиыншылықтарға түсірмейтін түрде оңай, арзан және әурегершіліксіз болғанын таңдау керек! Сүйікті пайғамбарымыз таңдау еркіндігі берілген екі нәрседен әрдайым жеңілін, оңай болғанын таңдайтын еді. (Бұхари)

Аталарымыз «Қонақ үміттенгенін емес, тапқанын жейді» деген. Нанды құрметтеу керек. Нанды құрметтеу – нанмен бірге жейтін ештеңе іздемеу деген сөз. Адамға күш-қуат беретін және ғибадат жасауға мүмкіндік беретін барлық тамақ – берекет болып табылады. Оны ұнатпау дұрыс болмайды. Тек нан мен сірке суы ғана берілсе де, менсінбеушілік танытпау керек! Хадис шәрифте былай делінген:

«Бір үйде нанмен қосып жейтін нәрсе ретінде сірке суы бар болса, бұл үй кедей болып саналмайды.» (Тирмизи)

«Йа Раббым, сірке суына берекет бер. Сірке суы – қандай тамаша ниғмет. Менен бұрыңғы пайғамбарлардың қоспасы да сірке суы еді. Сірке суы бар үйдің нанмен қосып жейтін басқа қоспаларға қажеттілігі жоқ.» (Ибн Мажа)

6) Үй иесі немесе сол жерде отырған басқа да қонақтар жақтырмайтын әрекеттер жасамау керек, жиіркенішті әрекеттер мен сөздерден ұзақ болу керек.

7) Діни сенім, саяси қөзқарастар әртүрлі болса да үй иесінің немесе сол жердегілерді ренжітетін сөздер айтпау керек.

8) Қажетті түрде сый-сияпат, тағам ұсынылмаған болса да, қонақтың үйден көңіл шаттығымен және разылығын білдіретін сөздер айтып шығу керек! Мысалы «Қуанып қалдық, Аллаһ разы болсын, үйіңізде ораза ұстағандар ифтар етсін (ауыз ашсын), асыңызды жақсы адамдар жесін!» дегендей дұға ету сүннет болып табылады. (Тирмизи)

Сүйікті пайғамбарымыз өзі үй иесіне ең жақсы тілектер айтатын, дұғалар жасайтын және мұсылмандарға да «Үй иесіне берекетті дұғалар жасаңдар» дейтін еді. (Бәйһақи)

Бұлай жасау – тым аз болса да бір жақсылықты кіші деп көрмеу деген жақсы мінездің белгісі болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мүмин жақсы мінезі арқылы күнін оразамен, түнін ғибадатпен өткізген адамның дәрежесіне көтеріледі.» (Тирмизи)

9) Үй иесінің рұқсатынсыз немесе хабарынсыз үйден кетпеу керек! Сүйікті пайғамбарымыз осылай хабарсыз кетіп қалуды мүлдем дұрыс деп санамайтын еді. Кетерде де үй иесіне дұға ету керек. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қош айтыспай кеткен қонақ ұры ретінде кіріп, тонаушы ретінде шыққан болып саналады.» (И.Ғазали)

10) Бірнеше күнге келген қонақтың үй иесіне ауыртпалық бермеу үшін қажеттілік болмаса үш күннен артық қалмауға, жүк болмауға тырысуы керек!

Егер үй иесі шын көңілден қалуын қалайтын болса, одан да көбірек уақытқа қалуға болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Қонақ болу үш күнге дейін созылады. Бұдан артығы садақа. Қонақтың үй иесін қинайтындай шамада ұзаққа қалуы халал емес.» (Бұхари)

 

Сұрақ: Біз қонақ болып отырған үйде жерге бір нәрсе төгіліп қалса, өзіміз тазалауға тырыса бастасақ, дұрыс болады ма?

Жауап: Үй иесі «Үйімнің тазалығын нашар деп білді, үйімді тазалап жатыр» деп ойлап, ренжіп, қысылуы мүмкін. Үй иесі ренжімейтін болса, одан рұқсат сұрап тазалауға болады.