Намаз төрт нәрсемен басталады: парызбен, уәжіппен, сүннетпен, мүстаһабпен. Ханафи мазһабында намазға кіру үшін қолдарды құлақтың тұсына дейін көтеру сүннет. Алақандарды құбылаға қарату сүннет. Ер кісілердің бас бармағын құлағының жұмсағына тигізуі және әйелдердің қолдарын иықтарының тұсына дейін көтеруі мүстаһаб, «Аллаһу акбар» деп айту парыз болып табылады. Тәкбір айтқаннан кейін қолдарды байлау сүннет. Оң қолды сол қолдың үстіне қою сүннет. Ер адамның қолдарын кіндігінен төмен байлауы және әйелдің көкірегіне қоюы сүннет. Ер адамның сол қолының білегін (бас бармақ және шынашақпен) қысып ұстауы мүстаһаб болады.
Намазда имамға да, имамға ұйыған жамағатқа да, жалғыз оқыған адамға да «Сүбханака» дұғасын оқу сүннет. Егер жамағатқа имам болса немесе жалғыз оқыса «Әузу» оқу сүннет. «Бисмиллаһ» оқу сүннет. «Фатиха» сүресін оқу уәжіп және Фатихадан кейін үш аят немесе үш аят шамасында ұзын бір аят оқу уәжіп, сүннеттер мен уітірдің әр рәкатында, ал жалғыз оқығанда парыз намаздардың алғашқы екі рәкатында Құран кәрімнен бір аят оқу парыз болып табылады.
Рукуда иілу парыз және сол күйде үш рет «Субханаллаһ» деп айтатындай уақыт тұру уәжіп. Үш рет «Субхана раббиәл азым» деу сүннет. Бес немесе жеті рет айту мүстаһаб. Рукуден қиямға көтерілгенде және екі сәжде арасында түзеліп отырғанда бір рет «Субханаллаһ» дейтіндей уақыт қимылсыз тұру имам Әбу Юсуфтың қаулысы бойынша парыз. Ал тарафәйннің қаулысы бойынша уәжіп болып, кейбір ғалымдар сүннет деген болса да, негізге алынған қаулысы – уәжіп болып табылады.
Сәждеде басты жерге қою парыз. Сол күйде үш рет «Субханаллаһ» дейтіндей уақыт тоқтап тұру уәжіп. Сәждеде үш рет «Субхана раббиәл ә’ла» деп айту сүннет болып табылады. Бес немесе жеті рет айту мүстаһаб.
Ибн Абидин “рахимә-һуллаһу та’ала” былай деген: «Сәжде жасағанда алдымен екі тізе, кейін екі қол, одан кейін мұрын, содан соң маңдай жерге қойылады. Бас бармақтар құлақтың тұсында тұрады. Шафииде қолдар иық тұсында болады. Әр аяқтың кем дегенде бір саусағының жерге тиюі парыз. Жер қатты болып, бас жерге батпауы қажет. Жерге төселген кілем, алаша, бидай мен арпа осындай. Жерде тұрған үстел, диван, арба да жер деген сөз. Жануардың үсті, жануардың үстіндегі ер-тоқым және осыған ұқсас нәрселер жер болып саналмайды. Әткеншек және ағаштарға, тіректерге байланып, ауада керіліп тартылған мата, кілем, алаша жер болып саналмайды. Күріш, тары, зығыр дәні сияқты тайғақ нәрселердің үстінде сәжде жасау сахих болмайды. Қаптың ішінде болса, сахих болады. Сәжде жасалған жер тізе қойылған жерден жарты зра’, яғни он екі елі шамасындағы (жиырма бес сантиметр) биіктікке дейін жоғары болса, намаз сахих болғанымен, мәкрух болып табылады. Сәждеде шынтақтар денеден, ал қарны сандардан ашық болу керек. Аяқ саусақтарының ұштары құбылаға қаратылады. Рукуға иілерде тобықтарды бір-біріне тигізу сүннет болғанындай, сәждеде де бірге ұсталады.
Әйел адам намазға кірерде қолдарын иықтарына дейін көтереді. Қолдарын жеңінің сыртына шығармайды. Оң қолын сол қолдың үстіне қойып, көкірегіне байлайды. Рукуда аз иіледі, белін басымен бір деңгейде ұстамайды. Руку мен сәждеде саусақтар арасын ашпайды, бір-біріне жабыстырып ұстайды. Қолдарын тізелерінің үстіне қояды, тізелерін бүгеді, тізелерін ұстамайды. Сәждеде қолдарын қарнына жақындатып жерге төсейді. Қарнын сандарына жабыстырып ұстайды. Тәшәһһудда аяқтарын оң жақа қарай шығарып, жерге отырады. Қол саусақтарының ұшы тізеге дейін қойылады. [Еркектер де тәшәһһудта тізесін жауып ұстамайды.] Әйелдердің өзара немесе еркектер жамағатының арасында имаммен намаз оқуы мәкрух. Әйелдерге Жұма мен Айт намаздарын оқу парыз емес. Құрбан айт кезінде парыз намаздардан кейінгі «Тәкбири тәшриқ»-ті дауыссыз оқиды. Таң намазын кеш оқуы мүстаһаб емес. Намаздарды дауыстарын шығарып оқымайды. Ибн Абидиннен аударма тәмәм болды.» Хамауи “рахимә-һуллаһу та’ала” «Әшбах» шәрһінде былай деген: "Әйелдердің бастағы шаштарын қыруы, қырқуы немесе дәрімен түсіруі (жоқ қылуы) тахримән мәкрух болып табылады. [Бұдан еркектерге ұқсатпау шартымен шаштарын құлақтарына дейін қысқартуы жаиз екендігі аңғарылуда.] Әйелдің азан мен қамат оқуы мәкрух. Күйеуі немесе махремі (жақын туысы) жанында болмаса, сапарға шыға алмайды. Қажылықта басын ашпайды. Сафа мен Маруаның арасында үзірлі болса да, сайи жасайды. Тауафты Қағбадан ұзақ жерде жасайды. Хутба оқымайды. Өйткені, дауысының әурет екені сахих. Қажылықта мәсі киеді. Әйелдер табыт көтермейді. Мүртәд болған кезде өлтірілмейді. Хад және қысасдауларында куәлігі қабыл етілмейді. Мешітте итиқаф жасамайды. Қолдарын, аяқтарын қынамен бояуы жаиз. [Тырнаққа жағылатын лакты қолдануға болмайды]. Мираста, куәлікте және кедей болған туыстарға напақа беруде еркектің жартысы болып саналады. Мухсина (жақсылық жасайтын, салих) әйел сотқа шақырылмайды. Сот немесе уәкілі оның үйіне келеді. Жас әйел бөтен еркекке сәлем бермейді және амандаспайды, түшкіргенде де ешнәрсе айтпайды және өзіне айтылған кезде де жауап бермейді. Бөтен еркекпен бір бөлмеде жалғыз қалуына болмайды. Хамауиден аударма тәмәм болды.
Қада-и улада (алғашқы отырыста) отыру уәжіп. Қада-и ахирде (соңғы отырыста) отыру парыз. Соңғы қадада тәхийат оқу уәжіп болып табылады.
Парыздар мен уәжіптердің, бесіннің, жұманың алдыңғы сүннеттерінің, жұманың соңғы сүннетінің тек қада-и ахирларында (соңғы отырыстарында) және басқа намаздардың (екінді мен құптанның төрт рәкат сүннеттері сияқты) әр отырысында салауат дұғаларын оқу сүннет. Сәлем беру уәжіп, ал сәлемде екі иығына қарау сүннет, зейін салып қарау мүстаһаб болып табылады.
Сондай-ақ, намаздың мол сауаппен қабыл болуының шарты – [харамдардан сақтану және] хушу, тақуалық, малаяниді тәрк ету, тәрки кәсәл және ибдад. Хушу – Аллаһу та’аладан қорқу, тақуалық – тоғыз мүшесін харам мен мәкрухтан қорғау, малаяниді тәрк ету – дүниесі мен ахиретіне пайдалы болмаған сұхбатты және істі тәрк ету, тәрки кәсәл – намаз оқуға ерінуді тәрк ету, ибдад – азан айтылған кезде барлық істерін қойып, жамағат арасында болу деген сөз.
Намаздың ішінде мән берілуі өте маңызды болғаналты нәрсе мыналар: Ықылас, тәфәккур, хауф, рәжа, руйәти тақсир, мужәхада.
Ықылас – амалды шын көңілмен орындау [тек Аллаһу та’аланың разылығы үшін жасау], тәфәккур – намаздың ішіндегі мәселелерді ойлау, хауф – Аллаһу та’аладан қорқу, рәжа – Аллаһу та’аланың мейірімінен үміттену, руйәти тақсир – өзін кемшілігі көп деп санау, мужәхада - нәпіспен және шайтанмен күресу деген сөз.
Сүннетке сай азан айтылған кезде «Исрафил (алейһиссалам) сурды үрлеп жатыр» деп, дәрет алуға тұрарда «қабірімнен тұрып жатырмын» деп, мешітке бара жатқанда «махшар алаңына бара жатырмын» деп, муәззин қамат айтып, жамағат сапқа тұрып жатқанда «бұл адам махшар жерінде жүз жиырма сап болып, сексен сап біздің Пайғамбарымыздың, қырық сап басқа Пайғамбарлардың үмметтері болса керек» деп, имамға ұйығаннан кейін имам Фатиха сүресін оқып жатқанда «оң жағымда жәннат, сол жағымда тозақ, артымда Әзірейіл (алейһиссалам), қарсы алдымда Бәйтуллаһ (Қағба), дәл алдымда қабір және аяғымның астында сырат. Ал енді менің сұрағым оңай болады ма екен? Және де жасаған ғибадаттарым ахиретте басыма тәж, жанымда жолдас және қабірімде шырақ болады ма екен? Әлде қабыл болмай, ескі шүберек сияқты бетіме ұрыла ма екен...» деп ойлану керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024