Сұрақ: Бос уақытым көп. Уақытымды нарды және шахмат сияқты ойындармен өткіземін. Кейде осы ойындарда ұтқандарымнан күнделік шайпұлымды тауып отырамын, ұтылып қалсам өзім шайпұл беремін. Мұның зияны бар ма?
Жауап: Адам дүниеге ойын мен зауық үшін келмеді. Дүние – жұмыс және табыс орны. Расулуллаһ алейһиссалам «Дүние ахиреттің егістігі» деген. (Дәйләми) Бұл жерде не егілсе, ахиретте соны жинайды. Бос уақыт – мүмкіндік және ғанимет. Пайдалы іс жасамай уақыт өткізу – уақытты өлтіру болып табылады. Дүниеде жасалған әр істің, әр демнің есебі қияметте міндетті түрде сұралады. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Қияметте әркім өмірі мен жастық шағын қайда өткізгенінен, мал-мүлкін қайдан тауып, қайда жұмсағанынан және ілімімен амал жасаған-жасамағанынан сұраққа тартылады.» (Тирмизи)
Өмір, ілім, мал-мүлік және дене – Аллаһу та’аланың құлдарына берген бір капиталы. Бұл капиталды Аллаһу та’ала білдірген жерлерде жұмсау қажет. Уақыт өтіп кеткеннен кейін өкінудің пайдасы болмайды. Сондықтан жастық шақтың, мал-мүліктің, денсаулықтың қадірін білу керек, дүниеде ахирет үшін пайдалы амалдар жасау керек. Хадис шәрифте былай делінген:
«Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл! Кәріліктен бұрын жастық шақтың, аурудан бұрын денсаулықтың, уақыт тапшылығы келмей тұрып бос уақыттың, кедейліктен бұрын байлықтың және өлімнен бұрын өмірдің қадірін біл!» (Әбу Нуайм)
Сүйікті пайғамбарымыз нарды ойнап жатқан бір топ адамдарға былай деді: «Ойынмен әуре болған қол мен жүректерге, бос және қате сөздерге обал болсын!» (Бәйһақи)
Мұндай ойындарды ақшасыз ойнау да дұрыс емес. Өйткені хадис шәрифте былай делінген: «Шахмат және дойбы (шашки) ойнаған адам қолдарын шошқа қанымен бұлғаған сияқты болады.» (Мүслим)
«Нарды ойнағаннан кейін тұрып намаз оқыған адам ірің және шошқа қанымен дәрет алып намаз оқығанға ұқсайды.» (И.Ахмед)
«Шахмат, нарды және осыған ұқсас харам болған ойындарды ойнайтындарды кездестірген кездеріңде сәлем бермеңдер! Сәлемдеріне де жауап бермеңдер!» (Дәйләми)
Жоғарыдағы хадис шәрифтердің түсініктемесі болған фиқһтық үкімі болса мынадай:
«Нарды, шахмат, 14 тас сияқты ойындарды ойнау тәхриман мәкрух болып табылады. Тұрақты түрде ойнайтын болса харам болады. Егер бір парызды орындауға кедергі болса немесе ақша үшін ойналса да харам болады.» (Рәддул мухтар, 5 том, 253 бет)
Ақша тікпей анда-санда ойнау харамға жақын мәкрух, тұрақты ойнап жүретін болса харам болады. Шайпұлға да ойнау құмар болғандықтан харам болады. Хадис шәрифте былай делінген: «Бір адамның бос нәрселермен уақыт өткізуі – Аллаһу та’аланың оны жақсы көрмейтіндігінің белгісі болып табылады.» (Мәктубати Раббани)
Имам Малик хазреттері былай деген: «Шахмат және дойбы ойнаған адам Аллаһ пен Расулына қарсы шыққан болып саналады.» (У.Кубра)
Имам Ғазали хазреттері және имам Шафии хазреттері анда-санда шахмат ойнаудың мубах (күнә емес), тұрақты түрде ойнаудың болса тәнзиһән мәкрух болатындығын білдірді. Имам Шафии хазреттері «Шахмат ойнау дін және абырой иелерінің әдеті емес» деді. (Ихиа) Бұл жазулардан аңғарылып тұрғанындай, Ханафилердің шахматпен қоса барлық ойындарды ойнауы дұрыс емес. Ал Шафиилердің анда-санда тек шахмат ойнаулары ғана жаиз.
Дінге мойынсұну
Мұхаммед Масум хазреттері былай деген:
«Аллаһу та’ала адамдарды бос, міндетсіз қылып тастап қойған емес. Қалаған нәрселерін істеулеріне рұқсат беріп қоймаған. Нәпістерінің қалауларына бағынуын, осылайша пәлекетке жетуін қаламады. Рахаттық пен бақыт ішінде өмір сүруі және мәңгі бақытқа қауышуы үшін қажет болған пайдалы нәрселерді орындауды әмір етті. Ал зиянды нәрселерді істеуге тыйым салды.
Бақытқа қауышуды қалаған адам дінге бағынуға мәжбүр. Нәпсінің және мінезінің дінге сай болмаған қалауларын тәрк етуі қажет. Дінге бағынбаса иесінің, жаратқанының ашуына, азабына душар болады.
Дінге мойынсұнған құл бақытты, рахат болады. Иесі оны жақсы көреді. Дүние – егіншілік орны. Егістікке ештеңе екпей, ұрықтарды жеп зауықты және рахат өмір сүрген адам өнім жинаудан мақрұм қалатыны сияқты, дүние өмірін өткінші ләззаттармен, нәпістің қалауларын істеумен өткізген адам да мәңгі ниғметтерден, мәңгі ләззаттардан мақрұм қалады. Бұл жағдай ақылды адамның мақұлдайтын нәрсесі емес. Ақылды адам мәңгілік ләззаттарды жіберіп алуға себеп болатын өткінші және зиянды ләззаттарды таңдамайды.
Дінге бағыну үшін алдымен Әһли сүннет ғалымдарының Құран кәрімнен және хадис шәрифтерден үйреніп шығарған «Ақаид»-қа (ақидаға, сенімге) сай иман келтіру, одан кейін харам, тыйым салынған нәрселерді үйреніп, олардан сақтану, содан соң орындалуы әмір етілген парыздарды үйреніп, оларды орындау керек. Бұларды орындауға «Ғибадат» ету делінеді. Харамдардан сақтануға «Тақуа» делінеді.» (2 том, 11 хат)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024