Сұрақ: Әмір (басшы) болған кісі бір мубах нәрсеге тыйым салса немесе оның орындалуын әмір етсе, мысалы «Темекі шекпеңдер, кофе ішпеңдер!» десе, бұл әмірге бағыну керек пе?
Жауап: Бәриқада «Әмір мубах болған бір нәрсені әмір етсе, бұған бағыну шарт, себебі әмірдің Ислам дініне сай болған әмірлеріне бағыну уәжіп болып табылады» делінген. Бір хадис шәрифте де «Күнәні әмір етпегенінше әмірге бағыну уәжіп болып табылады» делінген. (Бәйһақи)
Бұл жердегі уәжіп – парыз деген сөз. Осы тұрғыда бірнеше хадис шәрифтің мағынасы:
«Әмірлерің сендерге ұнамайтын бір нәрсе істесе де, оған сабыр етіңдер! Өйткені жамағаттан бір қарыс болса да айрылған адам надандық өлімімен (имансыз) өлген болады.» (Бұхари)
«Маған бағынған адам Аллаһқа бағынған болады. Маған қарсы шыққан адам да Аллаһқа қарсы шыққан болады. Мен тағайындаған әмірге бағынған адам маған бағынған, ал оған қарсы келген адам шын мәнінде маған қарсы келген болады.» (Бұхари)
«Хабештен (Эфиопиядан) келген құл болса да, әмірлеріңе бағыныңдар!» (Бұхари)
«Қолдары кесілген, мүгедек болған құл болса да, әмірлеріңе бағыныңдар!» (Мүслим)
Демек әмір (патша, басшы) қара нәсілді, мүгедек және құл болса да бағыну қажет, қарсы келуге тыйым салынуда. Бір аяти кариманың мағынасы:
«Аллаһқа, пайғамбарға және сендерден болған әмірлерге бағыныңдар!» (Ниса 59)
Бұл жердегі бағыну – мұсылман әмірдің дінге сай әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну деген сөз. (Хадиқа)
Хабеши (қара нәсілді) күң болған Үмми Айманның баласы Усама бин Зәйд 18 жасар кезінде бір топқа басшы болған еді. Әкесі Зәйд бин Хариса да құл болған. Хижреттің сегізінші жылында Шам қаласының маңында Мута деп аталатын жерде Рим әскерімен соғысқан кезде Ислам әскерінің қолбасшысы болды. Құран кәрімде есімі өткен жалғыз сахаба осы кісі.
Хазреті Әбу Бәкр халифа кезінде «Расулуллаһ сендерді Усаманың басқаруымен соғысқа жіберген еді. Енді қайтадан оның басқаруымен соғысқа баруға дайындалыңдар!» деді. Ол кезде Усама 22 жасында еді. Кейбір адамдар «Дұшпандар Мәдинаға келіп, халифаны өлтіруі мүмкін.Усаманы ауыстырсаңыз қалай болады?» деді. Хазреті Әбу Бәкір «Расулуллаһ таңдаған қолбасшыны ауыстыра алмаймын» деді. Усама аттың үстінде, халифа және сахабалар жаяу жүріп Мәдинадан сыртқа шықты. Халифа сахабалармен қоштасқан кезде: «Сендерге айтатын бірінші насихатым – әмірлерің Усамаға бағыныңдар!» деді. Хазреті Усама Хузаа тайпасына барып мүртәдтарды өлтірді. Қырық күннен кейін Мәдинаға жеңіспен оралды.
Демек, әмір (басшы) болған адам жас және құл болса да оған мойынсұну шарт. Әйтпеген жағдайда оған көрсетілген сенімсіздік, бағынбаушылық негізінде оны өкіл еткен, тағайындаған адамға жасалған болады.
Сұлтан IV Мұрат хан темекі шегуге тыйым салған кезінде Исмамл Хаққы Бурсауи хазреттері «Темекі шегу харам» деген еді. Сондай-ақ, сол заманда өмір сүрген Шәрнблали хазреттері де «Халифа мубахтарға тыйым салатын болса харам болады» деген.
Сұлтан бір мубахқа тыйым салса, мойынсұну уәжіп, яғни парыз болады. (Бәриқа 103 б.)
Шафии ғалымдарынан Нәжмәддин Ғаззи «Сұлтан тыйым салған болса, темекі шегу харам болады. Жалғастыра беретін болса үлкен күнә болады» делінген. (Дуррул мухтар 5 б.)
Демек, халифа немесе мұсылман әмір мубах бір іске тыйым салатын болса, ол істі жасау харам болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024