АХКАМ-И ИСЛАМИЙА

Ислам діні білдірген әмірлер мен тыйымдарға «Ахками Исламийа»(Ислам үкімдері) немесе «Ислам» делінеді. Ахками Исламийа (Исламның үкімдері) сегіз: Парыз, Уәжіп  Сүннет, Мүстаһаб, Мубах, Харам, Мәкрух, Муфсид.

Парыз дегеніміз – Аллаһу та’ала бұйырған нәрселер. Және бұйырғандығы күмәнсіз дәлелмен белгілі болған, яғни аяттан ашық түрде түсінікті болған нәрселер. Бұларға сенбеген, маңызды деп санамаған адам кәпір болады. Иман, Құран, дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылыққа бару, жүніптіктен құтылу үшін ғұсыл алу (яғни бой дәрет алу) сияқты.

Парыздың да үш түрі бар: фарзи даим, фарзи мууаққат, фарзи аләл кифая. Фарзи даим деп – «Әмәнту биллаһи»-ді соңына дейін жаттап, мағынасын түсініп және сеніп, тұрақты түрде итиқад етуге (сенуге) айтылады. Фарзи мууаққат – амалдың уақыты келгенде орындау парыз болған амалдарға айтылады. Бес уақыт намаз оқу, Рамазан айында ораза тұту және кәсібі мен сауда-сатыққа қажет болған дін мен пән ғылымдарын үйрену сияқты. Фарзи аләл кифая – мұны елу немесе жүз адамның біреуі істесе, басқалардың мойнынан алынатын парыздар. Сәлем берілгенде жауап беру сияқты. Сондай-ақ жаназа намазын оқу, мәйітті жуындыру сияқты, морфология мен грамматика ілімдерін оқу, хафыз болу, вужуһ (Құран кәрімнің оқылу стильдерінің ілімі) ілімін үйрену, кәсібіне, саудасына қажет болғанынан артық діни және пән ғылымдарын үйрену сияқты.

Сондай-ақ, бір парыздың ішінде бес парыз бар. Бұл парыздар: илми фарз, амәли фарз, миқдари фарз, итиқади фарз, ихласи фарз, инкари фарз. Инкари фарз – күпір деген сөз.

Уәжіп дегеніміз – Аллаһу та’ала бұйырған нәрселер. Бұйырғандығы күмәнді дәлелмен белгілі болған нәрселер. Бұлардың уәжіп екеніне сенбеген адам кәпір болмайды. Бірақ, орындамаған адам жәһаннам азабына лайық болады. Мысалы, уітір намазында құныт дұғасын оқу, Құрбан айтта құрбандық шалу, Рамазан айтында пітір беру және сәжде аяты оқылған кезде «Тиләует сәждесін» жасау сияқты амалдар осыған жатады. Уәжіптің ішінде төрт уәжіп пен бір парыз бар. Илми уәжіп, амәли уәжіп, миқдари уәжіп, итиқади уәжіп және ихласи фарз. Парызда және уәжіпте рия қылу харам болады.

Сондай-ақ сүннет дегеніміз – Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” бір рет немесе екі рет тәрк еткен нәрселер. Мұны тәрк еткен адамға азап болмайды. Бірақ, үзірсіз және үнемі тәрк ететін адам кінәлануға, әрі сауаптан мақрұм қалуға лайық болады. Мысалы, мисуак қолдану, азан мен қамат айту, жамағатпен намаз оқу, үйленген кезде ас беру және баласын сүндетке отырғызу сияқты. Сүннеттің де үш түрі бар: сүннети муаккада, сүннети ғайри муаккада, сүннети аләл кифая.

Сүннети муаккада болғандар – таң намазының сүннеті, бесін намазының алғашқы және соңғы сүннеттері, ақшам намазының сүннеті, құптан намазының соңғы сүннеті сияқты. Бұлар сүннети муаккада. Таң намазының сүннетіне уәжіп деген ғалымдар да бар. Бұл сүннеттерді үзірсіз мүлдем тәрк етуге болмайды. Ұнатпаған адам кәпір болады.

Сүннети ғайри муаккада болғандар – екінді және құптан намаздарының алғашқы сүннеттері. Бұлар көп тәрк етілсе, ештеңе қажет етілмейді. Үзірсіз толықтай тәрк етілетін болса, кінәлануға және шапағаттан мақрұм қалуға себеп болады.

[«Халеби» және «Қудури» кітаптарында былай делінген: Ғибадаттар«Фәраиз» және «Фәдаил» болып екіге бөлінеді.  Парыз және уәжіп болмаған ғибадаттарға «Фәдаил» немесе «Нәпіл ғибадаттар» делінеді. Бес уақыт намаздың сүннетері – нәпіл ғибадаттар, бұлар парыздардың кемшіліктерін толықтырады. Яғни орындалған парыздың кемшіліктерін толықтырады. Әйтпесе орындалмаған парыз намаздың орнына сүннет өтпейді. Сүннетті оқу, парызды тәрк еткен адамды жәһаннамнан құтқармайды. Парызды үзірсіз тәрк еткен адамның оқыған сүннеті сахих болмайды. Сахих болған [кемшіліксіз оқылған] сүннетке ниет ету қажет. Ниет етілмесе, сүннет сауабына қауыша алмайды. Осы себептен, жылдар бойы намаз оқымағандар, төрт уақыт намаздың сүннеттерін оқитын кезде, сол уақыттың алғашқы  қазаға қалған парызын өтеуге, әрі сол уақыттың сүннетін орындауға ниет ету қажет. Осылай ниет ететін болса, әрі қаза, әрі сүннетті де оқыған болады. Сүннетті тәрк еткен болмайды.]

Сүннети аләл кифая – бес-он адамның біреуі істесе, басқалардың мойнынан алынатын сүннеттер. Сәлем беру, итиқафқа кіру және шариғат рұқсат еткен істердің басында Бисмилләһ айту сияқты.

Егер тамақтанудың басында Бисмилләһ айтылмаса, үш зияны бар: 1)Шайтан онымен бірге тамақтанады. 2) Жеген асы денесінде ауру тудырады. 3) Тамақта береке болмайды.

Бисмилләһ айтылатын болса, үш пайдасы бар: 1) Шайтан тамаққа ортақ болмайды. 2) Тамақ денесіне шипа болады. 3) Тамақта береке болады. [Тамақтанудың басында Бисмилләһ айтуды ұмытқан адам, есіне түскен кезде айту керек.]

Мүстаһаб дегеніміз – Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” өмірінде бір-екі рет істеген нәрселері, бұларды орындамаған адамға азап пен кінәлау болмайды. Шапағаттан да мақрұм қалмайды. Бірақ, орындаған адамға көп сауап беріледі. Мысалы, нәпіл намаз оқу, нәпіл ораза тұту, умраға, нәпіл қажылыққа бару және нәпіл садақа беру сияқты.

Сондай-ақ, мубах дегеніміз – жақсы ниетпен істелсе сауап, жаман ниетпен істелсе азап болатын нәрселер. Тәрк етілуіне азап берілмейді. Жүру, отыру, үй алу, халал болған әртүрлі тағамдар жеу, халал болу шартымен әртүрлі киімдер кию сияқты.

Харам дегеніміз – Аллаһу та’ала Құран кәрімде ашық түрде тыйым салған нәрселер. Яғни «Істемеңдер!» деп бұйырылған нәрселер. Харамға мән бермеген, сенбеген адам кәпір болады. Сеніп тұрса да істеп қойған адам кәпір болмайды, пасық (күнәхар) болады. [Ибн Абидин “раһима-һуллаһу та’ала” имамдықты баяндаған жерінде былай деген: «Пасық имамның артында намаз оқымау керек. Пасық дегеніміз – шарап ішу, зина жасау, пайыз жеу сияқты үлкен күнә істейтін адам деген сөз. [Кіші күнәні үздіксіз жасап жүру де үлкен күнә болады.] Жұма намазы бірнеше мешітте оқылатын жерлерде пасық хатибтың артында жұма намазын оқымау керек, имамы салих болған мешітке барып оқу керек. Пасықпен қатал қарым-қатынаста болу, оны жақтырмау уәжіп. Өте ілімді (ғалым) болса да, оны имамдыққа өткізбеу керек. Имамдыққа өткізу – оған тағзым ету, құрметтеу болып табылады. Пасықтың да, мазһабсыздың да имамдыққа өтуі әрдайым тахриман мәкрух болады. Харамдардан сақтану «тақуа» деп аталады. Халал немесе харам екені күмәнді болған нәрселерден де сақтануға «уәра» делінеді. Күмәнді нәрсені істемеу үшін бір халалды тәрк ету «зухд» деп аталады. Дар-ул харбта (кәпір мемлекеттерде) иманға келгендердің Дар-ул исламға (мұсылмандар тұратын өлкеге) хижрат етуі (көшуі) уәжіп болады.]

Харамның екі түрі бар: «Харам ли айниһи» және «Харам ли ғайриһи». Біріншісі, өзі харам болған және әрдайым харам болатын нәрселер. Адам өлтіру, зина мен лиуата (анал қатынас) жасау, шарап пен алкогольді ішімдіктерді ішу, құмар ойындарын ойнау, шошқа етін жеу және әйелдердің, қыздардың басы, аяқ-қолдары ашық-шашық күйде көшеге шығуы осыған жатады. Бір адам осы күнәларды істеген кезде Бимилләһті айтса немесе халал деп сенсе, яғни Аллаһу та’аланың харам еткеніне мән бермесе, кәпір болады. Алайда, бұлардың харам екеніне сеніп, Аллаһтың азабынан қорқып тұрса да істесе кәпір болмайды. Бірақ жәһаннам азабына лайық болады.

Харам ли ғайриһи – өзі харам болмаса да, харам жолмен келгендіктен харам болатын нәрселер. Бір адамның біреудің бақшасына кіріп, жемісін иесінің рұқсатынсыз жұлып жеуі, үйдегі заттарын және ақшасын ұрлап жұмсауы сияқты. Бұларды істеген адам, істеп жатқанда Бисмилләһ деп айтса немесе халал десе, кәпір болмайды. Бір адамның мойнында ақысы желінген бір арпа ауырлығындағы бір зат болса, ертең қиямет күнінде жамағатпен оқылған жеті жүз рәкат қабыл болған намазының сауабын Аллаһу та’ала сол адамнан алып берсе керек. Харамның екі түрінен де сақтану, ғибадат етуден әлдеқайда сауаптырақ.

Сондай-ақ мәкрух деп – амалдың сауабын кетіретін нәрсеге айтылады. Мәкрухтың да екі түрі бар: Кәрахати тахримийа және кәрахати тәнзиһийа.

Кәрахати тахримийа – уәжіптің тәрк етілуінен туындайтын харамға жақын мәкрух. Кәрахати тәнзиһийа – сүннеттің тәрк етілуінен туындайтын халалға жақын мәкрух болып табылады. Кәрахати тахримийаны істеген адам, егер әдейі істеген болса, Аллаһқа қарсы шығушы және күнәхар болады. Жәһаннам азабына лайық болады. Намаздың ішінде істесе, бұл намазды қайта оқу уәжіп болады. Егер қателесіп, шатасып немесе ұмытып істеген болса, сәһу сәждесін жасайды. Бұл жағдайда қайта оқуы қажет болмайды. Кәрахати тәнзиһийаны істеген адамға азап болмайды. Алайда, үнемі істеп жүретін болса, кіналануға және сауаптан мақрұм қалуға лайықты болады. Жылқы етін жеу, мысық пен тышқаннан қалған тамақты жеу, шарап жасайтын адамға жүзім сату сияқты.

Муфсид деп – амалдарды түбегейлі бұзатын нәрсеге айтылады. Иманды, намазды, некені, қажылықты, зекетті, сауда-саттықты бұзу сияқты.

[Парыздарды, уәжіптерді, сүннеттерді орындайтын және харамнан, мәкрухтан сақтанатын мұсылманға, ахиретте «әжр», яғни «сауап» (өтемі) беріледі. Харамдарды, мәкрухтарды істеген және парзыдарды, уәжіптерді орындамаған мұсылманға «күнә» жазылады. Харамнан сақтанудың сауабы парызды орындаудың сауабынан қаншама есе көп. Бір парыздың сауабы, бір мәкрухтан сақтанудың сауабынан, бұл да бір сүннеттің сауабынан көп. Мубахтардың арасынан Аллаһу та’аланың жақсы көргендеріне «хайрат» (жақсылық, қайыр) және «хасанат» (жақсы амалдар) делінеді. Бұларды істеген адамға да сауап берілетін болса да, бұл сауап сүннет сауабынан аз. Сауап берілетінін біліп істеуге «Қурбәт»делінеді.

Аллаһу та’ала құлдарын аяғандықтан, рахат пен бақыттың қайнары болған діндерді жіберді. Діндердің соңғысы – Мұхаммед алейһиссаламның діні. Басқа діндер жаман адамдар тарапынан өзгертілген. Мұсылман болса да, кәпір болса да, қандай-да бір адам, біліп немесе білмей осы дінге сай өмір сүретін болса, өмірде мүлдем қиыншылық көрмейді. Рахат және шаттық пен өмір сүреді. Бүгінгі заманда, Еуропа мен Америкада осы дінге сай өмір сүруге тырысып жүрген кәпірлер осындай. Алайда ахиретте кәпірлерге сауап пен сый мүлдем берілмейді. Егер солай өмір сүруге тырысатын адам мұсылман болса және Ислам дініне мойынсұнуға ниет етсе, ахиретте де мәңгі, шексіз бақытқа қауышады.]